Тағдырлас екі нәресте "Үміт" сәбилер үйінде өсіп жатыр
Облыстық перинаталдық орталықтан жұма күні шығарылған нәрестеге туу туралы куәлік берілген. Онда қыз балаға дәрігерлер берген аты мен фамилиясы жазылғанымен ата-анасының аты-жөні көрсетілетін орын бос тұр. Көкек ананы тәртіп сақшылары әлі іздестіріп жатыр. Ал, баланы асырап алуға ниет білдірушілердің саны күн санап артып жатыр. Кішкентай Мәншүк 21 маусым күні қырқынан шығады. Сәбилер үйінің қызметкерлері дәстүр бойынша қырық қасық суға шомылдырып, тырнағы мен қарын шашын алады. "Үміт" сәбилер үйінде Мәншүк Мәметовамен тағдырлас тағы бір бала өсіп жатыр. Ол 8- сәуір күні Қандыағаш қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің подъезінен табылған ер бала. "Үміт" сәбилер үйіне 12- сәуірде жеткізілген шақалақты мұндағылар Әділет Сәуірбаев деп атапты. Оның да туған анасы табылмады. Бір айдан асқан сәби кезекті медициналық тексеруден өтіп жатыр. "Үміт" сәбилер үйінде бүгінде 58 бала бар. Осы екі тастанды ата-аналары бас тартқан 24 баланың қатарында. Ал, қалған 22 баланың туа бітті сырқаты бар. Бұл бөбектердің бірінің анасы қаламыздағы "Ана үйіне" орналасып, өз сәбиін қайтарып алмақшы. Тағы бір қызды өзге отбасы асырап алып жатыр.
Количество показов: 1852
Дата создания: 23.05.2016 18:55:24