Шенеуніктер ғасыр жасаған қарияны құттықтады
Қарттарым-қазынам. Халықаралық қарттар мерекесіне орай бүгін жастары жүзден асқан қарияларды қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева құттықтады. Оларға ақшалай сыйақы мен тәттілер салынған сөмке сыйланды. Ізгі тілектер айтылып, гүл шоқтары тарту етілді. Евдокия Бондаренко биыл 100-ге толды. Ұзақ жасаған қария әлі тың. 84 жастағы үлкен қызы Зинаиданың үйінде тұрады. Бос отырғанды ұнатпайтын қария ас әзірлегенді, тәтті құймақ пісіргенді ұнатады. Қызы ауыра қалса, шөптер қайнатып беріп оған да қарайласады. Евдокия Бондаренконың өмір жолы сан қилы. 16 жасында тұрмыс құрып, соғыс жылдарын басынан өткерген. 27 жасында үш баласымен күйеуінен жесір қалады. Екінші рет тұрмыс құрмаған әжей баларын өзі аяқтандырған. Бүгінгі құттықтап келушілерді қария есігінің алдында өзі күтіп алды. Қонақтарға есінде қалған өлеңдерін оқып берді. Евдокия Бондаренко үш баланы тәрбиелеп, қазір олардан 6 немере, 16 шөбере, 6 шөпшек сүйіп отыр. Бүгіндері 100 жасаған қария газет оқып, жаңалықтарды назардан тыс қалдырмайды. Кейуананың ұзақ жасауының сыры оның еңбекқорлығында дейді жақындары. Ақтөбе қаласында қазір 34 мың зейнеткер бар. Жасы жүзден асқан жиырмаға жуық қария тұрады. Халықаралық қарттар күнінде ұзақ жасаған қариялардың барлығы құрметке бөленді. |
Количество показов: 2074
Дата создания: 01.10.2013 18:45:03