Еңбек жәрмеңкесінде 400-ден астам жұмыс орны ұсынылды
Мемлекеттік мекемелер, жеке компаниялар, кадрлық агенттіктер ақтөбеліктерге 400-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Медицина мамандарына сұраныс жоғары. Қарғалыдағы ауруханаға кардиологтар мен жалпы тәжірибедегі дәрігерлер керек. №2030 әскери бөлімі фельдшер іздеп жатыр. Облыстық перинаталдық орталық пен қан орталығында ақ халаттылар жетіспейді. КА168/2 түзету мекемесіне бірнеше дәрігер қажет. Түрменің бұрынғы мамандары зейнетке шыққан. Олардың орнын басатын адам жоқ. "Жұмыспен қамту-2020 жол картасы" бағдарламасы бойынша мемлекеттен шағын несие алып, ісін бастаған ақтөбеліктер де жәрмеңкеге келді. Олар өзгелерге үлгі болды. Қурайлы ауылының тұрғыны осыдан төрт жыл бұрын 1 миллион 800 мың теңге несие рәсімдеп, жылыжай ашқан. Қазір өзі өсірген өнімдерін орталық базарда сатып жатыр. Биыл бұл бағдарлама бойынша тұрғындарға жалпы құны 135 миллион теңгенің шағын несиесі беріледі. 5 адам микрокредит алып та үлгерді. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығы қалада осындай төрт жәрмеңке өткізген. Нәтижесінде 80-нен астам адам жұмысқа орналасты. Бүгінгі еңбек жәрмеңкесінде де біршама адамның жолы болғаны анық.
Количество показов: 1967
Дата создания: 27.05.2016 17:45:26