Батыс-2 ауданында балабақша ашылды
Екі қатарлы "Нектар" балабақшасы - жеке мекеме. Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа ғимараттың ашылу салтанатына қатысып, әлеуметтік нысандарды салып, мемлекетке көмектесіп жүрген кәсіпкерлерге алғысын айтты.
Батыс-2 ауданының іргесі кеңейіп келеді. Тұрғындарының арасында әсіресе жас шаңырақтар көп. Әр отбасында кем дегенде мектеп жасын толтырмаған 2-3 баладан бар. Жұмысбасты жас ата-аналар үшін балабақша қажет. Бүгін пайдалануға берілген нысан осы аудандағы екінші балабақша.
Жаңа балабақшаның іші кең де жайлы. Мұнда 320 бөбек тәрбие алады. Балаларға арналған ойын бөлмесі ойыншықтарға толы. Жатын бөлмедегі жиһаздар да мектепке дейінгі мекеме балаларының бойы мен жасына шақталған. Балалар еркін, келушілерді жарқын жүзбен қарсы алды.
Балабақша бүлдіршіндері жаңа ғимарат ішімен таныс. Олар жаңа дос тауып, қуанып жатыр. Ал мектепке дейінгі мекеме ұжымы тәуелсіздік күніне арнайы дайындықты да бастап кеткен.
Мұнда бассейн бар. Асханаға қажетті техникалар мен құрал-жабдықтың бәрі Германиядан әкелінген. Безендірілуі ерекше. Мұның бәрі балаларға ғана емес, ата-аналарға да ұнады.
Биыл қалада 50-ден астам жеке балабақша ашылды. Қазіргі уақытта бақшаға барып жүрген балалардың 28 пайызы жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде салынып, пайдалануға берілген мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеленіп жатыр екен. Жергілікті билік алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырмақ ниетте.
Айта кетейік, жыл өткен сайын қалада балабақша саны артқанымен, кезекте тұрған бүлдіршіндер қатары азайған емес. Қазір қалада 31 мыңнан астам бала бақшаға бару үшін өз кезегін күтіп отыр.
Количество показов: 1707
Дата создания: 01.12.2016 17:53:34