Бүгін халықаралық қарттар күні
Бүгін халықаралық қарттар күні. Облыстық қарттар мен мүгедектер интернат үйінің тұрғындарын кешелі бері құттықтап барушылар қарасы көп. Қарттар үйінің сахнасында концерттік бағдарлама үзілген жоқ. Сыйлық үлестірушілер де жеткілікті. Облыстық қарттар мен мүгедектер интернат үйі тұрғындарының бірі Тәуекел Қанаев ес білгелі өлең жазады екен. Бізге оқып берген өлеңінің сиясы әлі кебе қоймаған. Жазуларын сақтап жүр. Бір күні болмаса бір күні жарыққа шығар деген үмітпенен. Жалғызбасты қарттардың қатарына қосылғанына биыл үшінші жыл. Интернаттағы тұрмысына көңілі тоқ. "Тәуекел" деген есімімнің өзі тағдырымды әу бастан айқындап берген дейді 66 жасын толтырып отырған қария. Тәуекелмен таудан да асқан, суды да кешкен, отқа да түскен. Бірақ, отбасын құруға тым кешігіпті. Бүгінде 310 орындық облыстық қарттар мен мүгедектер интернат үйінде 305 адам тұрып жатыр. Оның 113-і мүгедек болса, қалғандары қария. Тастанды қарттардың тең жартысы қазақ. Жылдың бір күнінде ғана олар көптің есіне түседі. Сол күн бүгін. Халықаралық қарттар күні. Кешелі бері интернат-үйінің сахнасы әнші-бишілерден босамады. Әке-шешесінен тірісінде бас тартқан осы адамсымақтарды алимент төлеуге міндеттеу мәселесін интернет үйінің директоры Айдархан Наурызғалиев көтеріп жүр. Заң бар. Оның орындалуына баласымен соттасуды ар санайтын тастанды қарттардың өздері кедергі. Интернат үйінен пана тапқан қарттардың ең үлкені 98 жаста. Мұнда өмір сүру ұзақтығы 82-83 жас. Бауыр еті баласы аямаған қарияларды ендігіде уақыт та аяп жатқан жоқ. |
Количество показов: 2531
Дата создания: 01.10.2013 18:45:44