Бүгін 25 отбасы пәтерлі болды
Батыс-2 ауданындағы 6 қабатты үйден пәтер бұйырған ақтөбеліктер бүгін таңда салтанатты рәсімді асыға күтті. Арнайы дайындалған мерекелік бағдарлама, құттықтаулар мен жылы лебіздер. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қазақстан ипотекалық компаниясының басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов қоныстанушыларды қос мерекемен құттықтады.
Қазақстан ипотекалық компаниясы өткен жылдан бері 900 отбасын баспанамен қамтыды. Пәтерлер 20 жылға жалға беріледі. Егер иесі сатып алу мүмкіндігіне ие болса, 5 жылдан соң құжаттарын рәсімдей алады. Ал биыл 391 пәтер берілуі тиіс. Пәтерлер тек қала бойынша үй кезегіне тіркеліп, уақыты жеткен тұрғындарға беріледі. Құжаттарды қала әкімдігі жинап, ипотекалық компанияға тапсырады. Төлем қабілеті расталса болғаны. Осы сатылардан өткен 25 отбасы бүгін пәтер кілтін алды.
Босағада кейінгі дәстүрмен лента қиылды. Ата-аналар еншісін алып, бөлек шығып жатқан ұл-қыздарына құтты қоныс тілеп, ақ баталарын берді.
Қазақстан ипотекалық компаниясы биыл қаладағы құрылыс компанияларынан 744 пәтерді сатып алу келісімшартын жасады. Сонымен қатар, биыл "Нұр Ақтөбе" ауданында құрылыс жұмыстары басталды. Келер жылы 566 пәтер қолданысқа беріледі.
Количество показов: 1663
Дата создания: 01.12.2016 17:49:53