Үшінші қабаттан секірген әйел жан сақтау бөлімінде жатыр
1-2 қаңтардағы аяз бен боран жедел жәрдем бекетінің қызметін қиындатқан. Әсіресе, қала маңындағы ауылдарға жету мұң болды, дейді дәрігерлер. Әйтсе де, бір бригада құтқарушылармен бірге Мәртөк-Ақтөбе жолында автобустары сынып, далада қалған 26 жолаушыға медициналық көмек көрсетіп келді. Облыстық жедел жәрдем ауруханасының қабылдау бөлімі де бұл күндері дамыл тапқан жоқ. Мұнда 200-ден астам адам келген. Отызға жуығы бөлімшелерге жатқызылды. Үшінші қабаттан секіріп, екі аяғын сындырған 35 жастағы әйел жан сақтау бөлімінде жатыр. Жан күйзелісін басу үшін сірке суын ішіп қойған жасы қырықтар шамасындағы ер адам да қазір ем қабылдауда. Дәрігерлер трактор астында қалып, ауыр жарақат алған 30-35 жастар шамасындағы жігітті құтқара алмады. Ресейден қонаққа келіп, кенеттен демікпесі асқынып кеткен ер адам да жедел жәрдем ауруханасында қайтыс болды.
Жаңа жылды тойлап, арты төбелеске ұласқан отырыстарда таяқ жеген 31 тұрғынның сегізі керуетке таңылды. Бір адам пышақ жарақатымен түскен. Емі жасалған соң, ол үйіне кетті. Санавиацияның көмегімен дәрігерлер Шалқардан егіз сәбиді дер кезінде қала орталығына жеткізіп, өмірлерін сақтап қалды.
Количество показов: 1588
Дата создания: 05.01.2016 17:50:21