Облыс әкімі жалғызбасты әйелдің үйіне барды
Мұнда газ құбыры тартылғанымен, қалтасында қаржысы бар, әлі келетін адамдар ғана үйін жылытып отыр. Өзгесі мынадай тоқ пештерді пайдаланады. 15 шаршы метр болатын пәтер иесі бүгін үлкен қонақты күтті. Туа бітті сал ауруына шалдыққан 13 жастағы Инабаттың анасы баласының қамы үшін Сапарбаевтан көмек сұрауға мәжбүр болды. Гүлмира Есбергенова 2000-шы жылдардың басында Қызылорда облысынан көшіп келіп, Ақтөбе қаласындағы тұрғын үй қорын есепке алу секторындағы "Толық емес отбасы", "Мүгедек баласы бар отбасы" санаттары бойынша пәтер кезегіне тұрады. Тұрмыстың тауқыметін тартқан ана енді демеушілердің көмегімен басқа баспанаға уақытша көшірілуі мүмкін. Облыс әкімінің қолынан келер көмек осы ғана. Бұл пәтер анасы мен қызына 2012 жылдың көктемінде уақытша баспана ретінде берілген.
Инабат жылына бір рет мемлекет тарапынан ем алуға барып тұрады. Бұдан өзге анасы тоқсан сайын ресейлік дәрігердің қабылдауына барады. Әр ем - 170 мың теңге. Нәтиже бар. Инабат көз жанарымен ымдай алады. Сөздерді түсінеді. Еркелейді. Бұл ем үшін Гүлмира Есбергенова қайырымды жандардың, "Жүректен жүрекке" атты қайырымдылық қорының қаржысын жаратып жүр. Бұл отбасы үшін бүгін бір үміт оты оянды. Олар тұрмыс жағдайын қарап, қамқор болуға уәде берген Сапарбаевтың тапсырмасының орындаларына сенеді.
Количество показов: 1620
Дата создания: 23.02.2017 18:46:29