Мектептерде соңғы қоңырау соғылды
Бүгін еліміздің барлық мектептерінде оқу жылы аяқталып, соңғы қоңырау соғылды. Ақтөбеде 131 мыңнан астам шәкірт жазғы демалысқа кетті. 6 мыңнан астам түлек алтын ұя мектебімен қоштасты. Заречный-4 елді мекеніндегі №55 мектепті биыл 21 оқушы тәмамдайды. 10 қыз, 11 жігіт бүгін мектептегі соңғы вальсін биледі. Мектепке тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан балаларға ата-аналар, ұстаздар ақ жол тіледі. Соңғы қоңырау соғылды. Балалық шақ, мектептегі алаңсыз күндер енді артта қалды. Бір сыныпта үш жыл оқыса да, бір-біріне бауыр басқан ұл-қыздар кластастарын, ұстаздарын қимай қоштасты. Түлектер енді мектепте емтихан тапсырады. 11 жыл бойы алған білімдеріне сай, аттестат алады. Жоғары оқу орнына түсуге талаптанса, маусым айында ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Бүгін сондай-ақ, 15 мың 502 бала бірінші сыныпты бітірді. 13 мыңға жуық оқушы бастауыштан орта буынға көшті. Оларды алда үш ай жаз қызығы күтіп тұр. Келесі оқу жылында 1,2,5,7-сынып оқушылары бес күндік оқу жүйесіне ауысады.
Количество показов: 2331
Дата создания: 25.05.2017 18:23:58