М.Өндіргеновтің ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті
Бүгін сот залына экс-депутаттың 8 адвокаты мен туыстары жиналды. Судья Ахметқали Молдағалиев залға кірген бойда, прокурор іспен таныстыра бастады."Емшан" компаниясының президенті мемлекеттен 4,5 млрд.теңге қаржыны жымқырды,-деп айыпталып жатыр. Ол 10 айдан бері қамауда. Алдын ала сот тыңдауы өткен аптаға белгіленген болатын. Алайда, Мейіржан Өндіргеновтың денсаулығының нашарлауына байланысты 25-сәуірге ысырылды. Айыпталушы Қарғалы қалалық ауруханасынан шыққан. Дәрігерлер оған ота жасапты. Іс материалы бойынша Өндіргенов мемлекеттік функцияларды атқаруға мүдделі бола тұра, қылмыстық топ құрып, оны басқарған. Экс депутатпен бірге "Автопарк" ЖШС-нің бұрынғы директоры Ербол Әділов те қамауда отыр. Әділовтің 9 бен 10 жастағы екі баласы, жұбайы бар. Оған қылмыстық топтың мүшесі болып, алаяқтық, аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену қылмысын жасады деген айып тағылған. Екі айыпталушыға да қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған болатын. Мейіржан Өндіргеновке медициналық күтім қажет екенін алға тартқан адвокаттары, оны үй қамаққа шығаруды сұрады. Алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырған жоқ. Басты сот отырысы 11 мамырға белгіленді.
Количество показов: 2325
Дата создания: 25.04.2016 18:54:29