Жолақы мен қоқыс шығару тарифі өсуі мүмкін
Шаһарда жолақысы мен қоқыс тарифі көтерілуі мүмкін. Халықтың бас ауруына айналған мәселелер бүгін қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында талқыланды. "Қалалық жолаушылар тасымалы" кәсіпорыны қоғамдық көлікте жүру ақысын 180 теңге, ал "Автопарк" ЖШС-і 212 теңгеге арттыруды сұрайды. Себептері де біраз айтылды. Жанар-жағар май қымбаттап, қосалқы бөлшектердің бағасы өсті.Жолақыны көтеру бойынша бүгінге дейін 6 қоғамдық тыңдау өткен. Халық қарсы. Дегенмен, жолаушы тасымалдаушылар 2015 жылдан бері жол ақысының 55 теңгеден көтерілмегенін және шығынның көп екенін айтып жергілікті билік өкілдеріне бірнеше рет өтініш түсірген. Қос мекеме шығынға байланысты методикалық есептеулерін көрсетіпті. Оған қоса, өз тараптарынан бірнеше жеңілдік ұсынып отыр. Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мен депутаттар жол ақысын 212 теңгеге көтеруге қарсы. Тым көп. Қоғамдық көлікте жүруді 80 теңгеден, зейнеткерлер, 2,3 топтағы мүгедектер үшін 55 теңгеден асырмауды талап етті. Студенттердің де жағдайын ескеру қажет. Комиссия отырысында Ауған соғысының ардагерлері қоғамдық көліктерде тегін жүрсе деген тілек те айтылды. Олардың саны қазір шаһарда 700-ден сәл асады. Депутаттар жолаушылар тасымалына жауапты қос мекеменің қазір автобус жүргізушілеріне тәуелді екенін жеткізді. Мәселені шешу үшін жүргізушілер резерві болуы шарт. Сол кезде ғана тәртіп орнайды. Шаһарда қоқыс шығару тарифі да көтерілуі мүмкін. Қоқыс таситын компаниялар тарифті 105 теңгеден 305 теңгеге дейін көтеруді сұрап отыр. Мұнда да баға 2012 жылдан бері көтерілмеген. Шығын көп дейді. Осыны ескеріп, бағаны көпқабатты тұрғын үйлерге 305, жеке тұрғын үй алабына 345 теңгеге көтеруді қалайды. Қазір қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен 3 компания айналысады. Жолақы мен қоқыс шығару ақысын көтеру мәселесі алдағы сейсенбіде қалалық мәслихаттың сессиясында талқыланып, шешіледі.
Количество показов: 1262
Дата создания: 25.08.2018 18:29:11