Жол апатында зардап шеккендерді құтқару амалдары пысықталды
Оқиға орнына бірінші жеткен жол инспекторлары жеңіл көліктегі және автобустағы адамдарды құтқаруға кірісті. "Жигулидің" есіктері ашылмайды. Арнайы құралдың көмегімен кесуге тура келді. Ал, автобустың жолаушыларын төбесіндегі люктен шығарды. Өрт сөндірушілер цистернадағы отты сөндірді. Апаттан 50 шақты адам зардап шеккен. Апаттық медицина бригадасы ауыр жаралыларды жедел жәрдем көлігімен ауруханаларға әкетті. Қалған жолаушылар жақын маңда жасақталған жылыну бекетіне жеткізілді. Дәрігерлер жеңіл жарақат алған адамдардың жарасын таңып берді.
Төтенше жағдайлар департаментінің психологтары да сол жерде жүр. Мамандар апаттан есеңгіреп қалған жандармен сөйлесіп, психологиялық көмек көрсетеді. Мекемеде 15 жылдан артық уақыт еңбек еткен психолог Айзада Даниярова небір оқиғалардың куәсі болдым дейді. Төтенше жағдайлар кезінде зардап шегушілер ғана емес, құтқарушылардың өздеріне де психологиялық көмек қажет. Автобустың екі жолаушысы көліктен шығып, адасып, алысқа ұзап кеткен. Оларды иісшіл иттермен іздеді, артынан бұл іске тікұшақ жұмылдырылды. Жоғалған екі азамат табылды. Оқу-жаттығуды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов бастаған топ сырттан бақылап тұрды. Бас құтқарушы биылғы қысқа толық дайынбыз дейді. Тас жол бойындағы оқу-жаттығуға 137 адам, 37 техника, 10 қызметтік ит жұмылдырылды.
Количество показов: 1328
Дата создания: 10.11.2017 18:55:36