Өлке тарихы қалай зерттеліп жүр?
Облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы қоғамдық саяси кеңестің мүшелері кезекті отырыста бас қосты. Басқосуға саяси партия жетекшілері, мәдениет және білім саласының қызметкерлері, тарихшы ғалымдар қатысты. Тақырыпқа өлке тарихының арқау болуы - құптарлық іс дейді археолог, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми хатшысы Арман Бисембаев. Әйтпесе мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасы әп-әдемі басталып, соның арқасында біраз шаруалар тындырылғанымен, аяғы сұйылып кетті дейді ол. Ғалымның пікірінше бағдарламаның игілігін ірі шаһарлар көргенімен, кейбір өңірлер сырт қалған. Іс алға басу үшін жоғары жақтан талап болмаса, жергілікті жердегі жауаптылар босаңси бастайды. Сонда ғана арнайы бағдарламалар жоғымызды түгендеуге сеп болады. Археологтың көкейінде айтылмай жүрген осы секілді ойлары көп. Соның бірі- тарихи ескерткіштер орналасқан аумақтарды қорғау мәселесі. Тарихшылардың міндеті шындықты бұрмаламау. Қазақтың ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі алқалы жиында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин осылай деген болатын. Жиында қазақ этносының қалыптасуынан бастап, еліміздің аумағында мекен еткен ежелгі мемлекеттер мен қоғамдастықтар бірі қалмай, егжей-тегжейлі зерттелуі керектігі баса айтылды. Біздің өңір де ауқымды шаралардан тыс қалмайды. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Мейрам Дүйсенғалидың айтуынша, қазір Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтпен бірге үлкен ғылыми жоба қолға алынған. Екі тарап бірлесіп Ор мен Елек өзені бойындағы патшалық обаларды зерттейді. Тарихшылардың айтуынша, өлкеміздің солтүстік аймақтары тыңғылықты зерттелген. Енді оңтүстік аумаққа, әсіресе Ембі өзенінің бойын жағалай отырып зерттеуге мән берген жөн. |
Количество показов: 2218
Дата создания: 15.11.2013 18:38:26