Қарабұтақ тас жолына реанимобиль шығады
Жол-көлік апаттарында зардап шеккен адамдарды аман алып қалу мүмкіншілігі артты. Апаттар медицинасы орталығының Ақтөбедегі филиалына бүгін жаңа реанимобиль жеткізілді. Медициналық құтқару көлігі Қарабұтақ ауылының маңында қызмет ететін болады.
"Хюндай" маркалы реанимобильдің ішінде жедел медициналық көмекке қажеттінің бәрі бар. Дәріні мөлшерлеп құятын автоматты қондырғыдан бастап, жүрек соғысын қағаз бетіне шығаратын құрылғы, қол жуатын шұңғымаға дейін қарастырылған. Бастысы, бұл көлікпен бір мезетте зардап шеккен төрт адамды тасымалдауға мүмкіндік бар. Реанимобиль "Қарабұтақ" трассалық бекетінде жұмыс жасайды. 5 адамнан құралған дәрігерлер бригадасы бекеттен 50 шақырым қашықтықтағы жол апаттарына шығады. Қызмет көрсету аумағына Қарабұтақ-Ырғыз, Қарабұтақ-Хромтау және Қарабұтақ-Әйтеке би жолдары кіреді. Трассалық медициналық-құтқару бекеттері біздің облыста тағы да екі ауданнан ашылады. Ырғыз ауданының Қалыбай ауылы мен Қандыағаш қаласы маңындағы бекеттер келесі жылы іске қосылуы тиіс. Мұндай бригадалар жол-көлік оқиғасы туралы дабыл түскен бойда апат орнына жарты сағаттың ішінде жетеді. Бұл көлік апаттары құрбандарының санын азайтып, адам жанын аман алуға мүмкіндік береді.
|
Количество показов: 2137
Дата создания: 15.11.2013 18:40:44